Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары

26.09.2018 18:03

Павлодар облысында 27699 мүгедек тұрады, соның ішінде 1-топ мүгедектері – 3381, 2-топ - 11950, 3-топ – 9690 адам, мүгедектігі бар балалар – 2406. Қалаларда және аудандарда Мүгедектер күніне орай 1,2-топтағы мүгедектерге 2,3 АЕК мөлшерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға біржолғы төлемдер жоспарлануда. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Б. Нұрымбетовтың 2017 жылғы 27 сәуірдегі   "Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» № 103 бұйрығына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес «Мүгедектерге протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу»,  «Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету»,  «Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды ресімдеу», «Мүгедектерге кресло-арбалар беру», «Мүгедектерді санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз ету»  мемлекеттік қызметтері көрсетіледі.
Бюджеттік қаражат есебінен психилогиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы бойынша үйде оқитын мүгедек балаларға тоқсан сайын 6 АЕК төленеді (14430 теңге). Сонымен қатар, әзірленген жеке оңалту бағдарламасы негізінде мүгедектігі бар 121 студентке жоғары оқу орындарында кемінде 50 АЕК (120250 теңге), кәсіби техникалық оқу орындарында кемінде 27 АЕК (64935 теңге) көлемінде оқу ақысын ішінара өтеу үшін қосымша материалдық көмек көрсетілуде.
Ай сайын жалғыз және жалғыз тұратын мүгедек адамдарға 1 АЕК (2405 теңге) мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Толық ақпарат алу үшін, сондай-ақ жоғарыда аталған әлеуметтік қолдау түрлерін алу үшін тұратын жеріңіздегі қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөліміне жүгіну керек.