Қостанай, Қарағанды және Алматы қалаларының үкіметтік емес ұйымдары ерекше мұқтаж адамдар үшін арнайы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынудың тиімді тәсілдерін дамыту қаржыландырылды

Қостанай қаласы. «Преодоление» Тәуелсіз өмір орталығы.

«Преодоление» Тәуелсіз өмір орталығы екі тамаша адамның – Дүйсенғали мен Аруна Оспановтардың бастамасымен құрылды. Өздерінің мүгедектіктеріне қарамастан Қостанайда күндіз келіп тұру орталығының негізін қалаушылар өмірде керемет белсенді жандар. Олардың өмірге құлшынысының және ішкі күш-қайратының арқасында 20 жас адам үшін  «Преодоление» орталығы қазір олардың екінші үйіне айналды. Бұл жерде ерекше мұқтаждықтары бар жастар дос табады, спортпен және өздері жақсы көретін қызықты істерімен айналысады, өзбетінше еркін өмір сүру дағдыларын меңгере отырып, тұрмыста және қоғамда тәуелсіз болуды үйренеді.    

«Ең бастысы Орталыққа келушілердің көпшілігі, әсіресе бұл жас адамдарға қатысты, депрессияны және ары қарай өмір сүргім келмейді деген түңілушілікті  жеңіп шыға алды.  Орталық үміт отын жақты. Жастар өздеріне  дос таба білді, бір бірімен қарым-қатынас жасады.    Болашаққа деген сенім пайда болды және шексіз мүмкіншілік ашылды, өмірлері пәтерлеріндегі төрт қабырғамен ғана шектеліп қалмады. Бұл дегеніңіз керемет емес пе!»  – дейді  Аруна Оспанова.

 

Орталық құрылғанға дейін осы адамдардың көпшілігінің
құрбы-құрдастарымен араласуға, достар табуға мүмкіншіліктері болмай, өздерінің дәрменсіздіктері туралы ойлардан арыла алмай, жылдар бойына өз пәтерлерінен аттап шыға алмай отырғандықтарын елестетудің өзі қиын.

 

Танысып қойыңыздар: Настя Мырзабекова. Табиғатынан ашық, ақжарқын Настя өз бөлмесінде айлар бойы терезеге телміріп, үйден бірнеше жыл шықпай отырған.  Орталыққа келгенге дейін бойжеткеннің жеңіл арбада таңылып отырып та жарқын, толыққанды өмір сүруге болады деп сенуге батылы бармаған.

 

2012 жылдың соңында  БҰҰДБ қолдауымен «Преодоление» орталығы  мүгедектігі бар 10 жас адамды қабылдады. Бұрын олар өздеріне қолжеткізгісіз болып көрінетін істермен: емдік физкультура және массаж курстарымен, компъютерлік сауаттылықпен, пішу және тігу жұмыстарымен, вокалмен және тіпті балдық би өнерімен  айналысып, қазіргі кезде олардың біркелкі сүреңсіз өмірлері жақсы жағына қарай өзгере бастады.  БҰҰДБ гранты шеңберінде Орталыққа психолог, еңбек терапиясы нұсқаушысы, ЕФК, уқалаушы, музыка мен вокал оқытушысы жұмысқа тартылды.  Музыкалық және компъютерлік жабдықтар сатып алынды, концерттер, сыртқа шығулар, қызықты кездесулер үнемі өткізіліп тұрады.  

 

Бүгінгі күні әрбір келушінің өмірінде кішкене болса да, өте маңызды өзгерістер бар болғандықтан Орталық ұсынып отырған қызметтердің тиімділігі туралы батыл түрде айтуға болады. Сонымен, Орталыққа келген уақыты ішінде Настя Мырзабекова  жеңіл арбаны өзбетімен айналдыруды үйренді және жеңіл арбамен жүруге тырысуда.  Илья Вираховский компъютерлік сауаттылық курсының арқасында  вебдизайнды меңгерді және Орталықта жұмыс істейді, ал Александр Афинец облыстық «Екі жұлдыз» вокалдық  конкурсының жеңімпазы болды.

Грант қаражатына Орталықта күн сайын қызмет көрсететін инватакси ұйымдастырылды.  Айтқандай Орталықтағы бір романтикалық тарих инватаксимен байланысты.   Аскер мен Алинаның Love-story тарихы тап осы инватаксиден басталған болатын.  Аскер тек сөз сөйлеуді ыммен ғана білдіретін.  Инватакси жүргізушісі бола жүріп ол Алинаны Орталыққа бірнеше рет жеткізген, Алина болса 16 жасында алған жарақаттан кейін жүре алмай қалған болатын. Қазіргі кезде осы екі жас өздерінің дене бітімдеріндегі ерекшеліктерге қарамастан өздерінің сүйікті Орталықтарына белсенді түрде көмектесуде.  Алина карвинг пен топиари шеберлігін меңгере отырып, қазір  «Преодоления» орталығына келуші жастарды осы өнерге баулуда. Ал Аскер бұрынғысынша жастарды сабаққа уақытында жеткізіп отырады. Қазір Алина мен Аскер   – бірін-бірі сүйіп, ұнатқан жандар ретінде бір-біріне қолдау жасаудың және сенім білдірудің  қандай екендігін басқалардан артығырақ түсінеді. 

Қарағанды қаласы.СЕНІМДІ ҚОЛДА

Қарағанды  қаласындағы «Лучик надежды» қоғамдық қайырымдылық қорын және оңалту орталығын  Татьяна Кравченко он бес жылдан астам уақыт бойы басқарып келеді. Ол ерекше мұқтаждықтағы балалардың және мүмкіндіктері шектеулі адамдардың дамуына көмектесуде, сондай-ақ оларға айналадағы адамдардың қарым-қатынастарын өзгерту бойынша жұмыс істеуде өз қабілетін көрсете білді.   

2012 жылы  «Лучик Надежды» оңалту орталығы өз қызметін жаңа бағыттан бастады, ол ауылдық жерлерде тұратын, атап айтқанда Қарағанды облысының Абай және Бұқаржырау аудандарында тұратын 18 жастан асқан мүгедек балалары бар отбасыларды оқыту және білім беру бағыты болатын.   «Ата-аналар өздерімен өздері тұйықталып қалмауға тиіс, өз балаларына сенуге тиіс, қиындықтарды солармен бірге жеңулері керек, - деп сендіреді Татьяна Кравченко. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін, егер сенің арнайы білімің болса және өз құқықтарың туралы хабардар болсаң, тіпті оңай болған болар еді.  Сондықтан біз ауылдық жерлерде тұратын және мүгедек балалр тәрбиелеуші отбасыларына саусақтар моторикасын дамытуға, қисынды ойлауға, есте сақтауға, назар аударуға, ата-аналарды өз балаларымен қалай дұрыс жұмыс істеуге үйретуге, сондай-ақ олардың заңдық сауаттылықтарын арттыруға арналған жиынтықтар сыйлағанды жөн деп шештік».

Жобаны іске асыру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және БҰҰДБ-ның бірлескен бағдарламасының арқасында мүмкін болды, оның мақсаты «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы» заңды іске асыруда жаңа және тиімді тәсілдер іздеу болып табылатын. Заңның қабылдануы үкіметтік емес ұйымдардың арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін дамытудың жаңа кезеңі болып табылды.  

БҰҰДБ және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен гранттық бағдарламасы шеңберінде  Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі үш мемлекеттік емес ұйым өздерінің мүгедектігі бар адамдардың өмірлерін жақсы және қызықтырақ ету  идеяларын дамыту үшін  қаржыландырылды.  

Қарағанды облысы қолдау көрсеткен жобада «Лучик надежды» орталығының мамандары өткізген семинарлар, тренингтер, жеке консультациялар қамтылды.   Ол ауыл тұрғындарынан жоғары баға алды, сондай-ақ Абай және Бұқар жырау аудандарында мүгедек балалар тәрбиелеуші ата-аналардың өз мұқтаждықтарын, қажеттіктерін және мүмкіндіктерін бағалауға көмектесті. Бірақ оның ең басты артықшылығы алыс түкпір ауылда тұратын адамдардың сана-сезімдеріне қозғалыс туғызғандығында болып отыр. Жоба аяқталысымен ата-аналар өздері күн сайын кездесіп отыратын проблемалар маңында топтаса отырып, қоғамдық бірлестіктер құруға тілектерін білдіре бастады.    

Абай ауданының Топар ауылынан Светлана Блинова барлық семинарлар мен  тренингтерге қатысты.

- Біз құқықтық қатынастар тұрғысынан алғанда барынша сауаттырақ бола бастадық, қоршаған ортаға үмітпен қарадық. Біз «оқытып-үйретуге келмейді» деген балалардың шығармашылық жұмыстарда және спортта жетістіктерге жеткенінің нақты көрнекі мысалдарын көрдік.  Бұл  оларды рухтандырды, шабыт берді. Бұдан басқа біз үйде сыйға берілген әдістемелік материалдарды бірден пайдалана бастадық.  Мұнда:  пазлдар, кубиктер, мозаикалар, сурет салу, қолданбалы шығармашылық жиынтықтары, компьютерлік дамыту ойындары, аудиоертегілердің электрондық күйтабақ ойнатқыштары, кітаптар, балаларды дамытуға қажеттінің бәрі бар еді.

БҰҰДБ бірлескен гранттық бағдарламасы шеңберінде ауылда тұратын,  18 жастан асқан мүгедек балалары бар отбасылар үшін оқытып-үйрететін әдістемелік материалдың 60-тан астам жиынтығы сатып алынды.

Светлананың ұлы - Никонор, 21 жаста, отбасындағы екінші бала, Даун синдромымен туылған.  Оның ақ көңілділігі, дүниені жарқын қабылдауы, шынайылығы, мейірімділігі өзгелердің үйренуіне тұрарлық. Ол өзіне күле қараған анасын да, айналасындағы адамдарды да  құшақтап, сүйіп жүреді, ұнағандарын еркелетіп балығым, көжегім және балапаным дейді. Ол отбасынан тыс жерде өссе, осындай жылы шырайлы болар ма еді? Егер оның қасында мейірімді әрі қамқор жандар атасы, әкесі, анасы және қарындасы болмағанда оның осындай болып өсуі екіталай еді ғой.    Никусь деп анасы еркелетіп қояды,  түрлі жаңа сөздер ойлап тауып көп сөйлейді, күлдіріп отырады.   «Гуди» –  бұл гугл-аудармашы, «гульон» дегені – бульон дегені, сонан кейін олар қыдыруға шығады.  «Жульверный» – қу, айлакер деген сөзі (мүмкін алдамшы және сенімді деген сөздердің тіркесінен шыққан болар. «Жулик», - деп қояды анасы ол қиқарлана бастаса, ал ол болса «верный» деген сөзбен өз анасына деген махаббатын білдіреді. 

Никанор оқуды үйренді, енді қазір компьютерді пайдалана отырып, интернеттен өзі ұнататын музыканы іздейді және скайб арқылы сөйлесе алады, бұл ұлымның ең жоғарғы жетістігі деп мойындайды анасы.   

Олар барлық жерде бірге жүреді, егер анасынан қолдау мен қорғау күтсе анасының қолынан ұстап алады, бір кездері Светланаға дәрігерлер ұлыңнан бас тарт деп те айтқан болатын.   «Балаңның мүмкіндігі шектеулі мүгедек болып туылғанын қабылдау қандай қиын, - деп есіне алады ол. Бірақ кінәліні іздеудің қажеті жоқ, өзіңнің балаң болған соң түсінуді үйренуің керек, шыдамдылық керек, барлығын беру керек  – оның бәрі кейін өзіңе жақсылық болып  үйіп-төгіліп қайтады. Ата-анаға қорқыныш тудырған және сыртқы ортаға өз балаңды көрсетуге ұялған уақыт бірте-бірте  өтіп кетеді.  Біз оның өмірін төрт қабырғада өткізуді, оқшаулауды  қаламаймыз. Біздің де балаларымыздың бір-бірімен араласқысы, дүниені танығысы, толыққанды өмір сүргілері келеді. Солар үшін балабақшалар, мектептер, ойын алаңдары, стадиондар, театрлар бейімделген  әрі икемді болуға тиіс. Жақын уақыттан бері Абай ауданында үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің жанынан  әлеуметтік бейімделу кабинеті, емдік физкультура кабинеті, релаксация кабинеті жұмыс істей бастады, оған баланы кез келген уақытта апаруға болатынына біз өте қуаныштымыз. 

Дене жаттығуларына арналған кең әрі жарық залға мүгедектік қоларбасында отырған балалар да аса бір қиындықсыз  кіре алады, онда велотренажерлар, швед қабырғасы, құрғақ бассейн, жүгіру жолы бар, санитарлық аймақпен жабдықталған. Нұсқаушының қадағалауымен әрбір бала өзінің жеке бағдарламасы бойынша жұмыс істейді; біреулері аптасына екі реттен келсе, біреулері күн сайын келеді. Балалардың арасында кеше ғана аяғынан әзер тұратындар бар болған болса, ал қазір олар велотренажердің педалін сенімді түрде айналдыра алады.     

Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөліміне келудің жаңа шарттарына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну жүйесіне реформа жүргізу нәтижесінде қолжетімді болды.   Бұл процесс БҰҰДБ-ның белсенді қолдау көрсетуімен жүруде, БҰҰДБ срапшылары мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін осы қызметтер көрсету стандарттарын әзірлеу мен іске асыру кезінде сараптама және техникалық көмек көрсетеді.   

- Нормативтік актілерді өзгертудің арқасында, -  деп пікір бөлісті үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Ольга Городецкая, - күндізгі келу орталықтарын құруға, қызметтер көрсету спектрін кеңейтуге және көрсетілетін қызметті алушыларды қамтуға  мүмкіндік пайда болды. Біздің балаларымыз ерекше балалар: мүмкін олардың қимыл-қозғалыстары, ойлау қызметі, айналадағы қоршаған әлемді қабылдауы  шектелген болар, бірақ сондай-ақ олар да  ойнайды, күледі, тентектік жасайды және сүйіспеншілік пен қолдауды қажетсінеді.