Оралда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жаңа орталық ашылды

Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жаңа орталық ашылдыОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған педагогикалық-психологиялық түзету орталығы ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

 

Оның ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қалетаев, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Ерлан Дәрімов және «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнар Досаева қатысып, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу үшін мұндай орталықтың маңызы зор екендігін атап көрсетіп, осындай шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

 

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Дара» қайырымдылық қорының «Қазақстанда әр алуан, бірақ тең инклюзивті қоғам құру» жобасы аясында мүгедек балалар мен олар тәрбиеленетін отбасыларға тиімді қызмет көрсету мақсатында аталмыш орталыққа жөндеу жұмысы жүргізіліп, тиісті құрал-жабдықтар алынды.

 

Қазақстанда жетінші болып ашылған орталық көлемі жөнінен ең аумақты (600 шаршы метрден астам) болып саналады. Мұнда әр ерекше бала дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог сынды білікті мамандардан кешенді көмек ала алады. Орталық жыл сайын дамуында түрлі ауытқушылық бар 150-ден астам бала мен олардың отбасына тегін қызмет көрсетеді.

 

Айта кетейік, Оралда ерекше күтімді қажет ететін екі мыңнан астам бала болса, соның 800-ден астамы - мүгедектер. Қазіргі таңда тек қаланың өзінде 400-дей бала мамандардың кәсіби көмегін қажетсінеді.

 

inform.kz  http://www.inform.kz/kz/oralda-mumkindigi-shekteuli-balalar-ushin-zhana-ortalyk-ashyldy_a3072582

09.10.2017