Тікелей эфирде - мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерліктегі үлесі

Үстіміздегі жылдың 7 - маусымында «Қазақстан - Қызылорда» телеарнасында «Жаңа күн» бағдарламасының кезекті саны облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпкерлікпен айналысуы тақырыбына айналды.

Тікелей эфирге басқарманың әлеуметтік қызметтерді көрсету бөлімінің басшысы Г. Әбдіқалықова қатысып, көрермендерге мемлекет тарапынан шағын несие алған,  өз кәсібін ашқан мүмкіндігі шектеулі жандар туралы баяндады. Осы бағыттағы өзекті мәселелер бойынша қабылданған шаралар және облыста мүгедектерге қызмет көрсетіп отырған «Әлеуметтік такси» қызметі төңірегінде тікелей эфирде қойылған сұрақтарға жауап берді.

Аймағымызда «Әлеуметтік такси» қызметі 2012 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келеді. 2016 жылы аталған қызметке 45,8 млн. теңге қаржы бөлініп, Қазалы ауданынан басқа аудандардың барлығында «Әлеуметтік такси» қызметі көрсетіліп отыр.

Атап өту керек, 2015 жылдың соңында «Мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен көзделген мемлекеттік сатып алулар электронды түрде жасалатын болды. Алайда, электронды коммерция орталығымен жүргізілген функционалды жұмыстардың үш айға дейін созылуына байланысты мемлекеттік сатып алудың конкурстық рәсімдері тек 2016 жылдың сәуір айында басталды. Осылайша Қызылорда қаласындағы «Инватакси» қызметі 20 маусымнан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін болады.